Әкімшілік актіге шағым жасау тәртібі
« НазадӘкімшілік істі қарап, әкімшілік орган, лауазымды адам:
1) әкімшілік актіні қабылдау;
2) әкімшілік рәсімді тоқтату туралы шешімдердің бірін шығарады.
Әкімшілік рәсімге қатысушы әкімшілік (сотқа дейінгі) тәртіппен әкімшілік актіні қабылдауға байланысты емес әкімшілік актіге, әкімшілік әрекетке шағым жасауға құқылы.
Шағымды әкімшілік тәртіппен (сотқа дейінгі) қарауды жоғары тұрған әкімшілік орган, лауазымды адам (бұдан әрі – шағымды қарайтын орган) жүргізеді.
Шағым әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне шағым жасалатын әкімшілік органға, лауазымды адамға беріледі.
Әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне шағым жасалатын әкімшілік орган, лауазымды адам шағым келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей оны және әкімшілік істі шағымды қарайтын органға жібереді.
Бұл ретте әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне шағым жасалатын әкімшілік орган, лауазымды адам, егер ол үш жұмыс күні ішінде шағымда көрсетілген талаптарды толық қанағаттандыратын қолайлы әкімшілік акт қабылдаса, әкімшілік әрекет жасаса, шағымды қарайтын органға шағымды жібермеуге құқылы.
Егер заңда өзгеше көзделмесе, сотқа дейінгі тәртіппен шағым жасалғаннан кейін сотқа жүгінуге жол беріледі.
Шағымды қарайтын орган шағымды қарай отырып, мына шешімдердің бірін шығарады:
1) әкімшілік актінің күшін жою туралы;
2) әкімшілік актінің күшін жою және жаңа әкімшілік актіні қабылдау туралы;
3) әкімшілік әрекетті жасау туралы;
4) шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы;
5) әкімшілік істі жол берілген бұзушылықтарды және оларды жою жөніндегі ұсыныстарды көрсете отырып жүзеге асыру үшін әкімшілік рәсімді әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетiне шағым жасалатын әкімшілік органға, лауазымды адамға жіберу туралы;
6) шағымды қараусыз қалдыру туралы.
Шағымды қарайтын орган әкімшілік рәсімді жүзеге асыру үшін шешім шығарылған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде жол берілген бұзушылықтарды көрсете отырып және, егер тиісті актіні қабылдау, әкімшілік әрекет жасау шағымды қарайтын органның құзыретіне жатпаса, оларды жою жөніндегі ұсыныстармен шағымды әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне шағым жасалатын әкімшілік органға, лауазымды адамға жібереді.
Шағымды мәні бойынша қарау аяқталғаннан кейін жазбаша нысанда шешім шығарылады, ол әкімшілік рәсімге қатысушыға жіберіледі, ал шешімнің көшірмесі әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне шағым жасалатын әкімшілік органға, лауазымды адамға жіберіледі.
Шағымды қанағаттандырудан бас тарту дәлелді болуға тиіс.
Шағымды қарайтын органның шешімімен келіспеген жағдайда әкімшілік рәсімге қатысушы шағымды қарайтын басқа органға немесе сотқа әкімшілік актіге, әкімшілік әрекетке шағым жасауға құқылы.
Әкімшілік сот ісін жүргізуді мамандандырылған аудандық және оларға теңестірілген әкімшілік соттар жүзеге асырады.
Сот талқылауы, осы баптың екінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, жауапкер міндетті түрде қатысқан кезде жүргізіледі.
Жауапкер келмеген кезде сот әкімшілік істі қарауды кейінге қалдырады.
Әкімшілік сот ісі мынадай негізгі сатыларды рет-ретімен өтуді білдіреді:
1) талап қоюды сотта тіркеу;
2) соттың келіп түскен әкімшілік іс бойынша әрекеттері және алдын ала тыңдау;
3) сот талқылауы;
4) соттың шешімін шығару, оны жария ету және түсіндіру;
5) соттың шешімін орындау және сот бақылауы.
Алдын ала тыңдауда сот:
1) әкімшілік процеске қатысушылардың құрамы туралы мәселені шешеді;
2) мерзімді өткізіп алу себептерін анықтайды және өткізіп алған мерзімді қалпына келтіру туралы мәселені шешеді. Өткізіп алған мерзімді қалпына келтіруден бас тартылған жағдайда талап қоюды қайтарады;
3) татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімдер жасасу мүмкіндігін талқылайды;
4) тараптар келіскен кезде оларға әкімшілік істі жазбаша іс жүргізу тәртібімен қарау мүмкіндігі туралы түсіндіреді;
5) әкімшілік іске қатыспайтын адамдарды сотқа қажетті материалдар мен құжаттарды ұсынуға міндеттейді;
6) әкімшілік істі шешуге бағытталған өзге де әрекеттерді жасайды.
Уәкілетті органның мемлекеттік сатып алуды өткізуді тексеру қорытындылары бойынша шешімдеріне, қорытындыларына, нұсқамаларына, сондай-ақ сот орындаушыларының әрекетіне дау айту туралы әкімшілік істер бойынша алдын ала тыңдау сотқа талап қою берілген күннен бастап жиырма жұмыс күнінен кешіктірмей жүргізіледі.
Осы Кодекстің 102-бабының үшінші бөлігінде көзделген даулар бойынша әкімшілік істерді алдын ала тыңдау сотқа талап қою берілген күннен бастап бір айдан кешіктірілмей өткізілуге тиіс.
Әкімшілік іс ақылға қонымды, бірақ талап қойылған күннен бастап үш айдан аспайтын мерзімдерде қаралады және шешіледі.
Аса күрделі әкімшілік істер бойынша бұл мерзім соттың уәжді ұйғарымымен ақылға қонымды, бірақ үш айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.
Сот дауды мәні бойынша шешетін сот актісі шешім нысанында шығарылады. Шешім қысқаша нысанда шығарылуы мүмкін.
Шешім әкімшілік істі талқылаудан кейін шығарылады және ауызша талқылау аяқталған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмей дайындалады. Айрықша жағдайларда әкімшілік істің күрделілігі ескеріле отырып соттың шешімі ауызша талқылау аяқталған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей дайындалады.
Шешімді шығару күні мыналар болып табылады:
ауызша іс жүргізу үшін – әкімшілік іс бойынша шешім жарияланған күн;
жазбаша іс жүргізу үшін – соттың шешімінде көрсетілген күн.
Бірінші сатыдағы соттың шешімі, егер дереу орындалуға жіберілмеген болса, осы шешім, егер апелляциялық шағым, өтінішхат берілмесе, апелляциялық шағым жасауға арналған мерзім өткен соң заңды күшіне енеді.
Апелляциялық шағым жасауға, өтінішхат келтіруге арналған мерзімі өткізіп алынған және сот мерзімді қалпына келтіруден бас тартқан жағдайларда, шешім бас тарту туралы ұйғарымға шағым жасау мерзімі өткен соң заңды күшіне енеді.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің
Қызылорда облысы бойынша департаменті.