Табиғи монополия субъектісімен заң бұзушылықтарға жол берілген

« Назад

Табиғи монополия субъектісімен заң бұзушылықтарға жол берілген 20.09.2023 10:27

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментімен тұтынушының арызы негізінде жүргізілген жоспардан тыс тексерудің нәтижесінде, «Қызылорда су жүйесі» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны тарапынан реттеліп көрсетілетін қызметті ұсыну кезінде заң бұзушылыққа жол берілгені анықталды.

«Табиғи монополиялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормаларына сәйкес, табиғи монополия субъектісі реттеліп көрсетілетін қызметке қатысы жоқ қосымша талаптарды белгілемеуге міндетті.

Алайда, «Қызылорда су жүйесі» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны сумен жабдықтау және су бұру қызметі бойынша Кәсіпорын алдында берешегі жоқ тұтынушыдан 11 683,06 теңгені мәжбүрлеп өндіру мақсатында нотариустан нотариаттық жазба шығаруды сұрап хат жолдаған.

Нәтижесінде тұтынушының жұмыс жасап отырған барлық есеп шоттары сот орындаушылармен бұғатталып, Кәсіпорын тарапынан реттеліп көрсетілетін қызметке қатысы жоқ талаптар белгілеуге жол берілген, нәтижесімен тұтынушының құқықтары бұзылған.

Осы ретте, Департаментпен «Қызылорда су жүйесі» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына қатысты Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 164-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік өндірісі қозғалды және табиғи монополиялар туралы заңнамасын бұзушылықты жою жөнінде нұсқама енгізілді.

Бүгінгі таңда әкімшілік іс пен нұсқамаға Кәсіпорын тарапынан сотқа шағым берілді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің

Қызылорда облысы бойынша департаменті.