«Салауатты өмір салты – денсаулық кепілі »

« Назад

«Салауатты өмір салты – денсаулық кепілі » 15.03.2023 15:05

         Денсаулық  -  адам өміріндегі баға жетпес байлық  және денсаулық  өмірдің басқа  игіліктеріне  қарағанда  әлдеқайда  құнды  байлық. 
Салауатты өмір салты - адам үшін аса маңызды, денсаулықпен тікелей байланысты форма. Ал денсаулық адам бақытының  негізгі  бөлігі.  Қоғамның  болашағы  әрбір  адам  денсаулығына  тікелей  байланысты.

         Салауатты  өмір  салты  -  бұл ең әуелі денсаулықты сақтауға  және  нығайтуға  арналған  іс - әрекет. Қазіргі заманда адамдар денсаулыққа және дұрыс тамақтануға көп  көңіл бөлуде. Бұл, әрине, қуантарлық жағдай. Өйткені, әр адам  өзінің  денсаулығына  жауапкершілікпен  қарауды  қалыптастыруы  қажет.

        Салауатты өмір салтына   спорт,  дұрыс тамақтау, дұрыс режимде ұйықтау, темекі  және алкогольді заттардан бас тарту жатады. Осы қағидаларды ұстанудың арқасында денсаулық жақсарып, көңіл-күй көтеріледі.  «Жаны саудың - тәні сау»  деп бекер айтылмаған.  Денсаулық тек дененің сыртқы бүтіндігі ғана деп қарау бекер, жалпы  алғанда оны  организмнің  жан - жақты дамуымен  бүкіл қызметтердің жүзеге  дұрыс  асырылуы, дұрыс тамақтану, тамақтану салауатымен тығыз байланысты. Денсаулық  -  тек тәннің саулығы емес, ол жанның да саулылығы екенін ұмытпауымыз  керек. 

         Тамақтану салауатты болуы үшін белгілі ережелер мен ұстанымдар қадағаланады. Ағзаның қажеттіліктеріне сәйкес келетін, яғни жасына, жынысына, денсаулық күйіне, дене белсенділігі деңгейіне және орындалатын жұмыстың түріне тура келетін қажет мөлшерде және үлесте ағзаны құнарлы витаминдерге бай, пайдалы жеміс-жидектер, көкөністер, ет, жарма және сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп, тамақтанумен бірге ағзаның қажеттіліктері үшін сәйкес келетін мөлшерде ағзаны энергиямен қамтамасыз ету қажет. Күнделікті қолданылатын астың дұрыс тепе-теңдігі негіз болып табылады. Дәнді азықтар  (көбінесе ірі тартылған ұннан жасалған) жарма жəне макарон өнімдерін тағам қабылдау сайын тұтынған жөн. Көкөністер мен жемістер (әсіресе жергілікті жерде өсірілген), сүт өнімдері әр екінші немесе үшінші, ал ет, балық, құс өнімдері әр екінші тамақтануда болған дұрыс.  Майлар мен тәттілерді мүмкіндігінше аз қолдану мақұлданады. Тамақты күніне 4-5 немесе ең кем дегенде 3 тамақтануға бөлу ұсынылады.

         Салауатты тамақтану – адамның қалыпты өсуін, дамуы мен тіршілік қызметін қамтамасыз ететін, денсаулығын нығайтуға жəне аурулардың алдын алуға ықпал ететін тамақтану. Ағзаға керекті қоректік заттар мен энергияға қажеттілігін қанағаттандырады, рациондағы тағам өнімдерінің түрлі болуымен сипатталады. Салауатты тамақтану ережелерін сақтау жəне үнемі дене жаттығуларын жасау арқылы созылмалы аурулардың, семіздік, жүрек-қантамыр аурулары, диабет, жоғары қысым жəне қатерлі  ісіктер секілді бұзылыстардың  даму  қаупін  азайтуға  болады.

          Тәннің саулылығы үшін әрине қимыл-қозғалыс жасап, спортпен айналысқан да дұрыс. Тағамнан басқа  жақсы денсаулық пен көтеріңкі көңіл-күйдің негізі болып табылатын дене белсенділігі де маңызды. Бәрінен дұрысы, оны әр адамның жеке қажеттіліктеріне, мүмкіндіктеріне және бейімділіктеріне  сәйкес  үйлестірген  жақсы.

                                                                                           Н.Ж. Нұрмағамбетова,
Қызылорда қалалық санитариялық- эпидемиологиялық
бақылау басқармасының бөлім басшысы.