Обратная связь
Ваше имя или название организации: *
Ваш E-mail или телефон: *
Текст: *

Қызылорда облысының табиғат қорғау прокуроры Зейнулла Әліби Зейнуллаұлы: - «Қасиетті табиғатты қорғау - міндетіміз»

« Назад

Қызылорда облысының табиғат қорғау прокуроры Зейнулла Әліби Зейнуллаұлы: - «Қасиетті табиғатты қорғау - міндетіміз» 11.11.2017 11:17

Зейнулла 2   Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Асанов Жақып Қажыманұлының 27 қыркүйек 2016 жылғы бұйрығымен Қызылорда облысының табиғат қорғау прокуратурасы қайта құрылып, прокурор лауазымына Зейнулла Әліби Зейнуллаұлы тағайындалғанына бір жыл толды.
   «Қара жерге - халық ие» демекші, үлкен жауапкершілікті талап ететін  табиғатты қорғау саласында қызмет етіп келе жатқан Зейнулла Әліби Зейнуллаұлының нәтижелі жұмысын халыққа таныстыруды жөн көріп, арнайы сұхбат
алған едік.

    Әліби Зейнуллаұлы, экология жаңа, жас ғылым саласы, ал облысымызда табиғат қорғау прокуратурасы тіптен тың десе де болады. Арнайы тәжірбиеленген жүйенің ізі жоқ бұл салада Сізге қаншалықты оңайға түсуде? Немесе қандай да бір кедергілер бар ма?

     Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, Қызылорда облысының прокуроры С.С.Умбеталиевтың 03.01.1988 жылғы КСРО-ның Бас Прокурорының орынбасары А.С.Побежимовке жазған хатында өңірімізде қалыптасқан экологиялық жағдайға байланысты табиғат қорғау саласында заңдылықты қадағалайтын арнайы органның қажеттігі баяндалған.
       Осыған орай, КСРО-ның Бас Прокурорының бұйрығымен 1989 жылы өңірімізде алғашқы рет табиғат қорғау прокуратурасы құрылып, өз тарихын бастады. Саладағы реформаларға сәйкес 2011 жылы табиғат қорғау прокуратурасының қызметі тоқтатылып, 2016 жылы Қызылорда облысының прокуроры болып Дәуешов Халидолла Зиноллаұлы тағайындалғалы өңіріміздің экологиялық жағдайына аса мән беріліп, табиғат қорғау прокуратурасының ашылуына зор үлесін қосты.
    2016 жылдың 26 қазан күні Қызылорда облысының табиғат қорғау прокуроры лауазымына тағайындалдым. Бұл жүктің қаншалықты ауырға соғатынын да білдім, себебі Экология термині көпшілікке енді ғана ен жая бастаған ұғым. Алайда өз еліме деген Отандық сезімім – кездесетін кедергілерден үстем болды. Халыққа нәтижелі қызмет атқаруда өзіндік жұмыс тәртібімді жоспарладым. Ең алдымен тұрғындарды табиғатты тиімді пайдалануға және аса жанашырлықпен қарауға үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуден бастадық. Алғашқы кезекте халыққа арналған прокуратураны қалыптастыру мақсатында, облыс көлемінде орналасқан барлық аудандарға іс-сапарға шығу барысындағы тәжірибелер зерделеніп, тұрғындарымен кездесулер өткізілді.
      «Сыр бойы - Нұр бойы» деп тегін айтылмаса керек Сыр азаматтары арасынан табиғатқа нағыз жанашырлар көптеп кездесіп, біршама іс бірлесе атқарылды.

     Жұмыс жүргізгенде ең бірінші сүйенер қағидаңыз не? Ең алғашқы тәжірбиеңізбен бөліссеңіз.
     «Қасиетті табиғатты қорғау - міндетіміз»
. Әр адамзат осы міндетті тікелей қабылдап, сәйкесінше іс-әрекетке барса екен, - деп ойлаймын. Табиғатты қорғауда барлығымыз да жауаптымыз.
     «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру үшін еліміздің Бас Прокуроры Асанов Жақып Қажыманұлымен қабылданған өзгерістер бағдарламасындағы халықтың сенім деңгейін арттыру мәселесіне аса мән бердік. «Жылжымалы экомәдениет», «Халқым экология заңнамасын біл» атты акциялары өткізіліп, елді мекендерде халықпен кездесулер ұйымдастырылып, шараға мыңға жуық адам қатысты.
    Аталмыш акцияның мақсаты экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен Сыр өңіріндегі экологиялық дағдарысты одан әрі болдырмау, экожүйенің өз деңгейінде сақталуына мүмкіндік алу, азаматтардың экомәдениеті мен осы бағыттағы құқықтық санасын одан әрі көтеру жөнінде тұрғындарды ақпараттандыру болатын.
   Өңіріміздің экологиялық ахуалын зерделеу нәтижесімен Қызылорда облысының экологиялық төлқұжаты кітап нысанында басылып шығарылды.
    Аталған құжат уәкілетті органдарға және оқырман қауымға жобалық менеджмент принциптеріне сәйкес, өңіріміздің экологиялық, табиғаттық, және өндірістік мәселелерімен танысып, оларды жаңа форматта айқындап, шешу жолдарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

      Халықпен қаншалықты жақынсыз, тікелей байланыс бар ма?
     Осы уақытта ең маңызды болып табылатын аспекттердің бірі - халықпен қарым-қатынасты орнатуды жөн көрдім.
  Аталған кілт-факторларды айқындау мақсатында, әлеуметтік желіде табиғат қорғау прокуратурасының жеке парақшалары ашылып, халықпен тығыз байланыс орнатылды.
   Онымен шектелмей, күнделікті жұмысымыз бен түсірілген бейнесюжеттер әлеуметтік желілерде жарық көруде. Тәулік бойы байланыс жасауға арналған сенім телефондары қосылды.

     Әліби Зейнуллаұлы, осы сұхбат арқылы тұрғындарға сенім телефондары номерлерін айта кетсеңіз.
     Ия, өте орынды ескердіңіз. Біздің сенім телефон номері 8 (7242)261324. Өңіріміздегі әрбір тұрғынның облыс аумағындағы экологиялық жағдайға қатысты қалыптасқан пікірін тыңдау - біз үшін маңызды болды.
    Тұрғындардың прокуратура органдарына деген сенімін нығайту, толғандырып жүрген ең өзекті мәселелерді білу, мұң-мұқтажды айқындау мақсатында, «Экопатруль» атты экологиялық жобалар конкурсы жарияланды. Конкурс жарияланғалы 15 азаматтың экологиялық ахуалға қатысты қалыптасқан жобалары зерделеніп, үздік деп танылған 3 жоба авторлары арнайы сертификат және сыйлықтармен марапатталды.
    Біздің бастамамен атмосфераны зиянды заттармен ластамау тұрғысында тиісті шаралар атқару үшін, уәкілетті органдардың қатысуымен «Таза ауа - денсаулық кепілі», «Қоқыссыз қала» акциялары ұйым-дастырылды.
   Аймағымызда ең маңызды әрі өзекті деп танылған мәселелер бойынша мүдделі органдарды қатыстыра отырып, жобалық менеджмент әдістері мен «БРЭЙНШТОРМИНГ» (Мозговой штурм) қағидасы негізінде «Шиелі ауданы тұрғындарының экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы әзірленді.
   Жобаның мақсаты, қазіргі таңда жергілікті халықты және Шиелі кенті, «Көкшоқы» елді мекен тұрғындарының ерекше алаңдатын мәселесінің бірі - «СКК-Шиелі» серіктестігінің химиялық реагенттерді сақтау қоймасын елді мекеннің сыртына шығару болып табылады.
    Себебі, жаз мезгілінде жағымсыз иістің аудан көлемінде таралуы тұрғындардың осы жағдайға деген наразылықтарын тудыруда.
   Уәкілетті органдардың қатысуымен «Көкшоқы» елді мекеніне іс-сапар ұйымдастырылып, нәтижесінде сол өңірде орналасқан Серіктестіктің химиялық реагенттерді сақтау қоймасының санитарлық қорғау аймағынан адам ағзасына зиян келетін, аммиак қышқылы, азот оксиді мен диоксиді, шаң, күкірт қышқылы ерітіндісінің шектен жоғары көрсеткіштері анықталды.
   Ерекше алаңдататыны, «Көкшоқы» елді мекенінде орналасқан Серіктестіктің жанында көпқабатты тұрғын үйлердің және мекемелердің өте жақын арақашықта орналасуы.
   Табиғат қорғау прокуратурасымен аталған дерекке сәйкес, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 325-бабымен (Экологиялық тұрғыдан әлеуетті қауіпті химиялық немесе биологиялық заттармен жұмыс істеу кезінде экологиялық талаптарды бұзу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, жоба бойынша серіктестіктің химиялық реагенттерді сақтау қоймасының санитарлық қорғау аймағын азайту немесе аталған қойманы қауіпсіз аймаққа көшіру жұмыстары жалғасуда.
  Осының барлығы Көкшоқы елді мекеніндегі 5000-ға жуық тұрғындардың конституциялық құқықтарының қорғалуын қамтамасыз етті.
   Одан бөлек, Шиелі ауданында жақын орналасқан күкірт қышқылын сақтайтын әлгі «СКК-Шиелі» және асфальтбетон шығаратын «Шиелі жолшы» зауыттарының аралығына автоматтандырылған атмосфералық ауаны бақылау бекетін орналастыру жұмысы қарқын алды.
  Мысалы, Атырау облысында орналасқан ірі өнеркәсіп орындарының басым көпшілігінде автоматтандырылған атмосфералық ауаны бақылау пунктері қондырылған. Осы оңды тәжірибені қолдану арқылы біз атмосфералық ауаның рұқсат етілген шекті деңгейден асырылғанын уақытылы анықтауға қол жеткіземіз және өнеркәсіп орындарының жауапкершілігін күшейтеміз.
Аталған бастама күнделікті атмосфералық ауаны ластағыш заттардың нәтижелерін интеграцияланған портал арқылы 20 минут сайын экология саласындағы уәкілетті органға хабарлап отыруына мүмкіндік береді.
     Қызылорда қаласын жылумен қамтамасыз ететін Қызылорда жылу электроорталығының соңау 1987 жылдан бастап пайдаланылған көмір отынының қалдықтары жинақталған аймақ шешілмей жатқан тарихи мәселеге айналғанына көзім жетті, оны түбегейлі шешуді жөн көрдім.
    Өңірімізде ылғи желдің ұйытқу қатері салдарынан, көмір қалдықтары жан-жаққа ұшып, халықтың денсаулығына кері әсерін тигізіп қана қоймай, 20 метр қашықтықтағы Сырдария өзені де ластануда.
     Мен ол үшін, қала әкімдігі мен кәсіпкерлердің арасындағы байланыс көпірі болдым.
   Соңғылар меморандумға отырып, кәсіпкерлер көмір қалдықтарын кәдеге жаратумен 3 жылда рекультивация жасау арқылы сәйкестіндіруді өз міндеттеріне алды.
     Айта кететін жәйт, бұл үшін мемлекеттен бірде-бір тиын жұмсалмайды.
    Тағы да бір өзекті деп танылған мәселе, «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қорғау» жобасы, экологиялық апат аймағында жұмыс жасайтын жұмысшылардың еңбегіне төленетін коэффиценттің шын мәнінде төлену жағдайын анықтау мақсатында әзірленді.
    Жоба аясында еңбек саласындағы уәкілетті органымен өңіріміздің тұрғындарына заңнама талаптары бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кеңінен насихатталып және еңбек құқықтары бұзылғаны туралы шағымданған барлық арыз иелерімен жеке сұхбаттасу арқылы талаптары нақтыланды.
  Жұмысшылардың жалақысына төленетін экологиялық коэффициенттің мөлшерін айқындауға мүмкіндік беретін онлайын анықтама қосымшасы (приложение) ашылды.
   Бұл өз кезегінде жұмысшыларға өз бетінше жалақыларын және экологиялық коэффициенттің мөлшерін ай сайын бақылап отыруына мүмкіндік береді.

    Өкінішке орай, адамзаттан табиғатқа қасақана қастандық та жасалынып жатады. Сіздің басшылығыңызбен қылмыстық іс-әрекетке тосқауыл болған жайттар болды ма?
      Аймағымызда қызыл кітапқа енген аң-құсты заңсыз ату мәселесі ерекше алаңдатты.
    Браконьерлік фактілерін дер кезінде анықтау және олардың жолын кесу мақсатында, уәкілетті органдармен бірлескен іс-қимыл жоспарлар әзірленіп, 8 мобильдік топ құрылды. 2019 әскери бөлімімен өзара ынтымақтастық меморандумға қол қойылды.
   Мүдделі органдар арасындағы тығыз байланысты орнату бағытында менің жанымда 5 рет ведомствоаралық мәжілістер өткізілді.
     Біздің үйлестіруімізбен жүргізілген рейдтік іс-шаралар нәтижесінде
42 қылмыстық, 648 әкімшілік құқық бұзушылықтар тіркеліп, мемлекет пайдасына 4 млн. теңгеге жуық айыппұлдар өндірілді.
   «Ел болып киікті қорғайық» атты бейнероликтер мен жадынамалар Қызылорда қаласының LED экрандары арқылы халықтың назарына жеткізілуде.
     Дегенмен, өңірімізде заңсыз аңшылық фактілері тыйылмай келеді.
     Көбіне браконьерлер өздерінің қылмыстық әрекеттерін жүзеге асыру мақсатында жол таңдамайтын «Джип» автокөліктерін жол қозғалысы ережесін реттейтін мемлекеттік стандарттардың талаптарын бұза отырып, зауыттық тәсілмен қосалқы бөлшектерін өзгертеді (усиление амартизатора, радиатора, широкоболотные шины).
    Бұл орайда, заңсыз аңшылықтың алдын-алу профилактикасы ретінде, тиісті рұқсатынсыз қайта жабдықталған автокөліктерді анықтау мақсатында жергілікті полиция қызметімен бірлесіп, ұдайы түрде рейдтік іс-шаралар жүргізілуде.
     Сонымен қатар, мемлекеттік органдардың өкілдерінен арнайы жұмысшы топ құрылып, қалаға кіре-беріс жолдарда (Белколь, Ақтай бекеті, Президенттік паркі, ЦКЗ, Аэропорт әуежайы жолында) орнатылған заманауи бейнебақылау камераларына үнемі мониторинг жасалып, рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылуда.
     Осындай игі шаралардың барлығы ағымдағы жылы экологиялық қылмыстық құқық бұзушылықтардың тіркелуі, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 64-тен 42-ге дейін немесе 34,3 пайызға төмендеуіне оң септігін тигізді.
    Экологиялық құқық бұзушылықтар бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған қылмыстық істердің созбалаңға салыну деректерін болдырмау үшін, Алматы қаласындағы «Зоология институтымен» тікелей қарым-қатынас орнатылып, қылмыстық істер бойынша айғақ зат ретінде алынған жануар етінің қандай аңға тән екендігін анықтау мүмкіндігіне қол жеткіздік.
   Мүдделі органдарымен бірлесіп, ағымдағы жылдың 1 шілдесінен сексеуіл екпелерін сату, тасымалдау, өткізу, сақтау сипатындағы заңдылықты бұзушылықтарды анықтау бағытында «Сексеуілді қорғайық» атты акциясы ұйымдастырылып, құқық бұзушылар әкімшілік жауаптылықтарға тартылды.
    Біздің бастамамызбен құқық қорғау органдары қызметкерлерінен жұмысшы топ құрылып, мұнай қалдықтарының заңсыз төгілудің 4 дерегі әшкерленіп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.
    Заңсыз мұнай айналымына қатысты қылмыстылықпен күресті күшейту мақсатында ұшқышсыз ұшу аппараты (дрон) сатып алынды. Осы құралдың көмегімен қылмыстың ізін суытпай ашу, есірткі егу, жерді заңсыз иелену және өзге де құқық бұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік болады.
    Тікелей біздің үйлестіруімізбен атқарылған пәрменді шаралардың нәтижесінде кең таралған пайдалы қазбаларды (карьер) заңсыз пайдаланудың 10 дерегі анықталып, кінәлі тұлғалар әкімшілік жауаптылықтарға тартылды.
    Ү.ж. тамыз айының 7 жұлдызында Кіші Арал теңізінің Көкарал бөгетінің төменгі бъефінің алдында (Ұлы теңізде) жиналған 210 тонна балық шабақтарының жаппай қырылып, табиғатқа ірі мөлшерде зиян келтірілген.
    «Қазақ балық шаруашылығы» ҒЗИ ЖШС-нің Арал филиалының қорытындысына сәйкес, қырылған балықтың шығын есебі 606 899 160,41 теңгені құрайды және балықтардың өлуіне күннің ыстығы мен судағы оттегінің құрамы азайуынан (судағы өттегінің азайуына Көкарал бөгетіндегі 9 шандордың жабылуы) орын алғаны бекітілген.
    Аталған дерек Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 336-бабы (балық қорларын қорғау қағидаларын бұзу) мен 371-бабының 2-бөлігіне (салғырттық) сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, Арал аудандық ішкі істер бөлімімен тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
   Осы тұрғыда, Арал теңізінің су көтеру бөгетіне жыл сайын шамамен 35 млн. балықтың жаппай қырылуын сақтап қалатын балық өткізбейтін қондырғының орнатылуына қол жеткізілді.
    5 кәсіпкерлердің іріктеп тексеруге негізсіз жоспарланған құқықтары қорғалып, мемлекет пайдасына 20 млн. теңгеден астам қаржы өндірілсе, 40 млн. теңгеге жуық бағаланған мүліктің қайтарылуы қамтамасыз етілген.
   Облыс прокуроры Х.Дәуешовтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Есірткісіз болашақ» жобасы аясында есірткі алқаптарын анықтау бағытындағы жұмыстар жүзеге асырылуда.

     Әліби Зейнуллаұлы, бар жоғы бір жылдық мерзімде осынша жұмысты атқару әрине, үлкен табандылықтың белгісі.
    Табиғатты қорғау саласында бұл бастамаларыныздың оң нәтижесін халық көреді деп сенеміз. «Сыр Табиғаты» газетінің редакциясы Сіздің қоршаған ортаны қорғау бағытындағы қажырлы еңбегінізді кұптайды және сәттілік тілейді. Сұхбаттыңызға рахмет!

Сағи ҚАДЫРҰЛЫ,
«Сыр табиғаты» газетінің  редакторы.