Бай тарихы бар Ана тілімізді таза сақтайық
« Назад
Кейде біздің қандас ағайындарымыз өз тілін білмесе де, өзге жұрттың тілін де, дінін де тез меңгеруге әуес. Өз елінде жүріп ана тілін білмейтін халықтың қадір қасиеті қалмайтыны белгілі. Өз тілін жақсы біліп бөтенше сөйлесе, бұл – сүйеніш, ал өз тілін білмей бөтенше сөйлесе, бұл – өкінішті әрине.
Қаланың маршруттық автобусындағы оқиға: кассир барлық аялдамалардың атын қазақша айтып келеді: жолаушылар оған «вулканизация» десе, ол «желімдеу», «микрорайон» десе, ол «мөлтекаудан», «одежда» десе, ол «киім» деп хабарлап отырды. Бір қыз «инфекционный» деп түсетінін айтқаны сол, әлгі кассир оған - «жұқпалы, келдік» дегеніне, қыз - «өзің жұқпалы» деп ренжіп қалды. Жолаушылар аялдамаларын қазақ тілінде айта бастады: «дүкен», «автотұрақ», «бұрылыс», «емхана», т.б. Жұрт оған ризашылығын білдіріп, көнілденіп отырды. Ол жігіт жолаушылардың ана тілге деген сана сезімін оятты деседе болады.
Қазіргі балабақшаларға да риза боласың. Ондағы бүлдіршіндер ана тілін таза сөйлеп келетініне көңілің тояды. «Балабақшадағы менің құрбым», «түсі күлгін», «шанышқы», «қылтима», «керік»деген сөздердің біз біреуін білсек, біреуін естімеппіз де. Шанышқысы «вилка», қылтимасы «балкон», керігі «жираф» екенін Сіз білесіз бе?
Сөзі жоғалған ұлттың өзі жоғалады - дейді алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы. Тіл тағдыры өз қолымызда. Егеменді ел болғансоң халқымыздың еңсесі биік болуымен бірге, ұлттық рухы биік болса, оған жету жолында алдымен ұлттық тіліміздің мәртебесін көтеру болып табылады. Сондықтан, әр азамат өз ұлтының қадір қасиетін, ана тілін ардақ тұтуы керек. Бай тарихы бар ана тілімізді жойып алмай таза сақтайық. Қазақ ұлтының болашағы қазақ тілінде деген қағида әрдайым есте болса. Ол үшін кәсіби қарым-қатынаста қазақ тілінде сауатты сөйлей білу – әр бір маманның алдына қойылар басты талап болуы шарт.
Абдуманова Әлия Жанғалиқызы,
Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау
жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының бас маманы.