Обратная связь
Ваше имя или название организации: *
Ваш E-mail или телефон: *
Текст: *

5 сұрақ айдары БЖЗҚ өзекті сұрақтарға жауап береді

« Назад

5 сұрақ айдары БЖЗҚ өзекті сұрақтарға жауап береді 25.02.2021 15:15

1) Сәлеметсіз бе, мен бұрын зейнетақы жинақтарым туралы ақпаратты пошта жәшігіме хат алу арқылы білетінмін, бірақ бірнеше жылдан бері бұрынғы мекенжайда тұрмаймын. Жинақтарымды қазір қалай тексеруге болады?  

 

Cізге ыңғайлы болу үшін БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары туралы ақпарат алудың төмендегі тәсілдері қолжетімді:   

  • enpf.kz сайтындағы жеке кабинетте электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) немесе пайдаланушының логині мен паролін, біржолғы парольді пайдалана отырып;
  • БЖЗҚ мобильді қосымшасында ЭЦҚ немесе пайдаланушының логині мен паролін қолдана отырып;
  • www.cabinet.enpf.kz/porog порталында ЭЦҚ немесе ЖСН және mgov мобильді азаматтар базасында тіркелген ұялы телефон нөміріне SMS арқылы түсетін бір реттік парольді пайдалану арқылы;
  • eGov.kz «Азаматтарға арналған электрондық үкімет» веб-порталында немесе eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы;
  • салымшының қосымша өтініш беруі талап етілмейтін, БЖЗҚ дерекқорында тіркелген электрондық пошта мекенжайына тұрақты түрде үзінді көшірме алу арқылы;
  • пошта байланысы қызметі арқылы (БЖЗҚ дерекқорында тіркелген пошта мекенжайына жыл сайынғы хабарлау барысында жылына бір рет);
  • салымшы жеке басын куәландыратын құжатпен БЖЗҚ-ның кез келген жақын жердегі өңірлік бөлімшесіне өзі келген кезде.

 БЖЗҚ-ның enpf.kz сайтындағы «Байланыстар»–«Өңірлік желі» бөлімдерінде берілген картадан ең жақын бөлімшені таңдау мүмкіндігі де бар. Онда бөлімшенің жұмыс кестесі мен байланыс телефондары көрсетілген.

 Қорға барлық мәселелер  бойынша 1418 тегін нөміріне (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін) қоңырау шалу арқылы жүгінуге болады. Сондай-ақ, www.enpf.kz корпоративтік сайтынан, +7 777 000 14 18 нөмірі бойынша WhatsАpp және Viber-дегі чат-бот арқылы, Facebook, Instagram, ВКонтакте, Twitter, Telegram, Одноклассники әлеуметтік желілеріндегі БЖЗҚ ресми парақшаларында кеңес алуға болады.

 

2) Қайырлы күн! Мен автокөлігімді 5 жылға несиеге сатып алдым, тағы екі жыл төлеуім керек, қалған соманы зейнетақы жинақтарымнан төлей аламын ба?

 

Қазақстан Республикасының 02.01.2021ж. № 399-VI «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына сәйкес азаматтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кірмейтін емделуге ақы төлеу үшін және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға, сондай-ақ, жеке меншік басқарушы компанияларға инвестициялық басқаруға беру үшін пайдалануға құқылы.

«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 30, 31 және 32-баптарының ережелеріне сәйкес БЖЗҚ-да міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары бар төмендегі адамдар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін өзінің, жұбайының (зайыбының) жақын туыстарының тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында және (немесе) өздері немесе жұбайы (зайыбы) не жақын туыстары үшін емделу ақысын төлеу үшін пайдалану құқығын қолдана алады:

           1) олардың зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы жинағының белгіленген ең аз жеткіліктілік шегінен асып түсуі керек.

Бұл ретте біржолғы зейнетақы төлемі салымшының (алушының) МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарының сомасы мен уәкілетті оператордан электрондық хабарлама алған күнге Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен Зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткіліктілік шегін айқындау әдістемесіне сәйкес есептелген зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткіліктілік шегі арасындағы айырма сомасынан аспауы тиіс;

2)   зейнетақы мөлшері, ал Заңның 11-бабының 7-тармағында көрсетілген адамдар үшін зейнетақы және ай сайынғы қамтылым сомасы алушының Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен белгіленетін 40 пайыздан төмен емес деңгейдегі орташа айлық табысын алмастыру коэффициентін қамтамасыз ете алуы керек. Орташа айлық табысты алмастыру коэффициентін есептеу кезінде алушының зейнеткерлікке шығу күнінің алдындағы, бірақ республика бойынша орташа айлық табыстан аспайтын табысы ескеріледі.

Бұл ретте біржолғы зейнетақы төлемі уәкілетті оператордан бастапқы электрондық хабарламаны алған күнге салымшының (алушының) МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтары мөлшерінің 50 пайызынан аспауы тиіс;

3)   сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шартын жасасқандар; 

Бұл ретте біржолғы зейнетақы төлемі салымшының (алушының) жеке зейнетақы шотындағы МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен жинақталған зейнетақы жинағының мөлшерінен аспауы қажет.

Осылайша, зейнетақы жинақтары тек қана Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мақсаттарға және тәртіппен пайдаланылуы мүмкін. Бұл ретте зейнетақы жинақтарын тұтынушылық несиелерді төлеуге пайдалануға болмайды.

 

3) Қайырлы күн! Мен өзімнің зейнетақы жинақтарымды мерзімінен бұрын алуға дайындалып жатырмын және мені жеке табыс салығын төлеу туралы мәселе қызықтырады. Мен оны қазір толық төлеймін бе? Зейнетке шыққаннан кейін маған қалған жинақтарым қалай төленеді? Шегерімдер бар ма?

 

БЖЗҚ-дан төленетін біржолғы зейнетақы төлемдерінің сомаларына салық салу тәртібін айқындау мақсатында «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 351-1-бабында тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында Қазақстан Республикасының зейнетақы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын біржолғы зейнетақы төлемдерінен ЖТС (жеке табыс салығы) есептеу, ұстап қалу және төлеу ерекшеліктері көзделген.

          ЖТС біржолғы зейнетақы төлемінің сомасына Салық кодексінің 320-бабында белгіленген мөлшерлемелерді (10%) қолдану арқылы есептеледі.

            Салық кодексінің 351-1-бабы 2-тармағына сәйкес біржолғы зейнетақы төлемдерінің сомасынан ЖТС ұстап қалу және аударуды БЖЗҚ жеке тұлғаның ЖТС ұстап қалу туралы өтінішіне сәйкес төмендегі тәсілдердің бірі бойынша жүргізеді:

           1) Кодекстің 351-бабында көзделген тәртіппен біржолғы зейнетақы төлемі жүзеге асырылған күннен кешіктірмей, бір мезгілде;

          2) БЖЗҚ белгілеген зейнетақы төлемдері кестесі бойынша он алты жылдан аспайтын мерзім ішінде ай сайын тең үлестермен.

ЖТС ұстап қалу жеке тұлғаның БЖЗҚ ретіндегі салық агентіне ұсынатын зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша уәкілетті орган белгілеген нысандағы ЖТС ұстап қалу туралы өтініштің негізінде жүргізіледі.

Осылайша  жеке тұлға біржолғы зейнетақы төлемдерінен ЖТС-ты Салық кодексінің 351-1-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес ұстап қалу туралы өтініш берген кезде, БЖЗҚ ЖТС ұстап қалу мен аударуды зейнетақы төлемдері үшін БЖЗҚ белгілеген кесте бойынша зейнетақы жасына жеткен кезде жүзеге асырады.

Біржолғы зейнетақы төлемінен жеке табыс салығын есептеу, ұстап қалу және төлеу ерекшеліктерін айқындайтын Салық кодексінің 351-1-бабында салық шегерімдерін қолдану көзделмегеніне назар аударамыз. Яғни, ЖТС есептеуге арналған салық салынатын базадан салық шегерімдері тек біржолғы зейнетақы төлемдері бойынша ғана қолданылмайды.

Кейіннен зейнеткерлікке шыққан кезде Салық кодексінің 353-бабының 3-тармағында белгіленген тәртіппен алушының БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алуы кезінде салық шегерімдерін қолдану құқығы сақталады.

Естеріңізге сала кетейік, міндетті зейнетақы жарналарына (МЗЖ) жеке табыс салығы (ЖТС) салынбайды, ЖТС зейнетақы төлемдерін алған кезде ғана ұсталады. Бұл ретте салық шегерімдері (ұсталатын салық сомасын есептеу үшін салық салынатын базадан шегерілетін сомалар) қолданылады.

Сандармен қарастырайық. Мысалы, БЖЗҚ-дан берілетін төлем 50 000 теңгені құрайды. ЖТС есептеу үшін салық шегерімі ретінде ең төменгі жалақының (ЕТЖ) бір мөлшері – 42 500 теңге қолданылады. Бұл жағдайда ЖТС салуға жататын сома (немесе салық салынатын база) 7 500 теңгені (50 000 теңге - 42 500 теңге = 7 500 теңге) құрайды. Дәл осы сомадан 10% немесе 750 теңге мөлшерінде ЖТС ұсталатын болады.

Осылайша  алушыға 49 250 теңге (50 000 теңге - 750 теңге = 49 250 теңге) мөлшеріндегі сома аударылады.

Егер бұрын алушы біржолғы зейнетақы төлемін алу құқығын пайдаланған болса, мысалы, бұрын өзінің жеке зейнетақы шотынан 5 млн теңге мөлшеріндегі қаржыны ЖТС-ты (10% немесе 500 мың теңге мөлшерінде) зейнетақы жасында төлеу үшін кейінге қалдыра отырып, алған болса, онда мұндай алушының зейнет жасы бойынша зейнетақы төлемі былайша өзгереді.

Кейінге қалдырылған ЖТС сомасы зейнетақы төлемдерінің санына, бірақ 192 төлемнен артық емес (кейінге қалдырылған ЖТС төлемі 16 жылдан аспайтын кезең ішінде жүзеге асырылады) көлемге бөлінеді. 500 000 теңге / 192 төлем = 3 125 теңге.

Алушыға 46 125 теңге (50 000 теңге - 750 теңге - 3 125 теңге = 46 125 теңге) мөлшеріндегі сома аударылады.

 

4) Біздің анамыз ресми түрде жұмысқа орналаспаған және өз қолымен дайындаған тоқыма заттарын сатумен айналысады. Бірақ ол болашақта зейнетақысы аз болады деп алаңдайды, өйткені, оған жұмыс өтілі есептелмейді. Бұл мәселені қалай шешуге болады?

 

Сіздің анаңызға бірыңғай жиынтық төлемді (БЖТ) төлеуге болады. БЖТ төлеуші болу үшін салық органдарына тіркелудің қажеті жоқ, тек бірыңғай жиынтық төлемнің белгіленген сомасын төлеу керек. БЖТ-ның ай сайынғы төлем мөлшері республикалық маңызы бар қалаларда, астанада және облыстық маңызы бар қалаларда тұратын жеке тұлғалар үшін – 1 АЕК (2021 жылы – 2 917 тг.), басқа елді мекендерде тұратын жеке тұлғалар үшін – 0,5 АЕК (2021 жылы – 1458,5 тг.). Төлем екінші деңгейдегі банктер арқылы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының шотына бір сомамен жүргізіледі. Төлемді жүзеге асыру үшін банкте есеп айырысу шотын ашу талап етілмейді. Бірыңғай жиынтық төлем сомасын Мемлекеттік корпорация мынадай пропорцияда бөледі: 10 % - жеке табыс салығы (ЖТС), 20 % - әлеуметтік аударымдар (ӘА), 30 % - міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), 40% - міндетті медициналық сақтандыруға аударымдар (МӘМС).  Зейнеткерлік жасқа толған тұлғалар үшін төлемнің барлық сомасы жеке табыс салығы болып танылады, әлеуметтік төлемдерге бөлу жүргізілмейді.

Осылайша  БЖТ жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысуға және жүйеге қатысу өтіліне және қалыптасқан жинақтарға байланысты зейнетақы төлемін алуға құқық береді. Бұл  анаңызға расталған еңбек өтіліне байланысты базалық зейнетақы алуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, БЖТ төлегеннен кейін ол міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушысы болады және медициналық мекемені таңдау құқығын беретін сомасы мен түрлері бойынша шектеусіз медициналық қызметтерге қол жеткізеді. Сондай-ақ, ол еңбек ету қабілетінен, жұмысынан айырылған жағдайларда және заңда көзделген басқа да жағдайларда әлеуметтік төлемдер ала алады.

Болашақта анаңыз үшін лайықты зейнетақыны қамтамасыз етіп, ол кісінің зейнетақы шотын толықтыру үшін Сіз немесе анаңыздың өзі ерікті зейнетақы жарналарын жүзеге асыра аласыздар. Жарнаның мөлшерін және ЕЗЖ төлеу кезеңділігін, сондай-ақ, ЕЗЖ төлеу құқығы басталған кезде зейнетақы жинақтарын алу тәртібін өзіңіз белгілейсіз. Ол үшін БЖЗҚ-мен шарт жасасып, БЖЗҚ-ға ерікті аударымдарды Шартта көрсетілген банк деректемелеріне аудару қажет. Ыңғайлы болу үшін БЖЗҚ сайтында өзекті ЭЦҚ кілтінің көмегімен ЕЗЖ-ны есепке алу үшін жеке зейнетақы шотын онлайн ашу қызметі іске асырылды. Сонымен қатар ЕЗЖ-ны банктік қызметтер – Kaspi.kz қосымшасы, Halyk Bank терминалдары арқылы төлеуге болады. Нәтижесінде, ЕЗЖ Сіздің анаңыз үшін базалық зейнетақыға тамаша қосымша төлем болуы мүмкін.

 

5.  Сәлеметсіз бе! Мен Ресей азаматымын, бірақ 2021 жылғы 1 ақпаннан бастап Қазақстанда уақытша тұрамын және жұмыс істеймін. Мен үшін зейнетақы жинақтары қалай төленуі тиіс?

 

ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің еңбекшілерін және отбасы мүшелерін зейнетақымен қамсыздандыру тұрақты тұратын мемлекеттің заңнамасына, сондай-ақ, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасында жасалған дербес халықаралық шартқа сәйкес реттеледі. 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген 2019 жылғы 20 желтоқсандағы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы Келісім (бұдан әрі - Келісім) осындай халықаралық шарт болып есептеледі.

Келісімнің негізгі мақсаты – ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер еңбекшілерінің зейнетақы құқықтарын жұмысқа орналастырушы мемлекеттің азаматтары сияқты жағдай мен тәртіп бойынша қалыптастыру. ЕАЭО-ға мүше әрбір мемлекет ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттердің азаматтарына зейнетақымен қамсыздандыруға арналған құқықтардың өз азаматтарына берілетін құқықтар көлемімен бірдей етіп берілетініне кепілдік беруі тиіс. 

Өтпелі ережелерді қамтитын Келісімнің 12-бабында зейнетақыны тағайындау және төлеу мынадай тәртіппен жүзеге асырылатыны көзделген:

            Келісім күшіне енгеннен кейін жинақталған жұмыс өтілі үшін зейнетақыны ЕАЭО-ға мүше мемлекет аумағында еңбек етіп, жинақталған жұмыс өтілі үшін сол мемлекет тағайындайды және төлейді;

            Келісім күшіне енгенге дейін жинақталған жұмыс өтілі үшін зейнетақы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің заңнамасына және 1992 жылғы 13 наурыздағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер азаматтарының зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы құқықтарының кепілдіктері туралы келісімге, ал Беларусь Республикасы мен Ресей Федерациясы үшін – 2006 жылғы 24 қаңтардағы Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасы арасындағы әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы ынтымақтастық туралы шартқа сәйкес тағайындалады және төленеді.

Осылайша Келісім нормалары жұмысқа орналастырушы мемлекеттің зейнетақы жүйесіне зейнетақы (сақтандыру) жарналарының міндетті түрде төленуін көздейтін еңбек немесе азаматтық-құқықтық шарт жасаса отырып, ресми жұмысқа орналасқан жағдайда еңбекшілердің Келісім күшіне енгеннен кейінгі кезеңде жинаған жұмыс өтіліне ғана қолданылатын болады.

Сонымен қатар, Келісімнің 2-бабы 2-тармағының 2.3. тармақшасында Қазақстан Республикасында Келісім БЖЗҚ-дан зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы төлемдеріне қолданылатыны белгіленген:

1) зейнеткерлік жасқа толғанда;

2) егер мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленсе, бірінші және екінші топтардағы мүгедектік белгіленген кезде;

3) мұрагерлерге біржолғы төлем.

Осы айтылғандарды ескере отырып:

1.      ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап жұмыс беруші Қазақстанда шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхат алмай, еңбек қызметін еңбек немесе азаматтық-құқықтық шарт негізінде жүзеге асыратын ЕАЭО елдері азаматтарының табысын есептеу кезінде БЖЗҚ-ға зейнетақы жарналарын (МЗЖ және МКЗЖ) ұстап қалуға және аударуға міндетті. Бұл ретте МЗЖ-ны есепке алатын жеке зейнетақы шоты (ЖЗШ) жұмыс беруші аударған МЗЖ-ның бастапқы сомасы түскен кезде БЖЗҚ-да автоматты түрде ашылады, ал МКЗЖ аудару үшін БЖЗҚ-ға жұмыс берушімен бірге келіп, ЖЗШ ашу туралы өтініш беру қажет;

2.      жұмыс берушімен жасасқан еңбек шарты немесе азаматтық-құқықтық шарт бұзылған жағдайда аталған тұлғалардың БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу құқығы Келісімнің 2-бабы 2-тармағының 2.3-тармақшасында көзделген талаптар басталған кезде ғана пайда болады.

«БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығы.