Обратная связь
Ваше имя или название организации: *
Ваш E-mail или телефон: *
Текст: *

Шетелден қаржы алу және жұмсаудың ашық рәсімдері - бүгінгі күн талабы

« Назад

Шетелден қаржы алу және жұмсаудың ашық рәсімдері - бүгінгі күн талабы 26.12.2017 14:10

   Қәзіргі  уақытта  шетел көзінен түскен түсімдерді қадағалау мақсатында, төлемдер және төлем жүйелері туралы ҚР заңына енгізілген өзгерістер шеңберінде Салық кодексіне де түзетулер енгізілді.
   Еліміздің әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіру тұжырымдамасын жүзеге асыру бағдарында ел ішінде саяси, экономикалық және әлеуметтік жаңаруларға қолайлы жағдай туғызу, халықаралық қауымдастықта ұлттық мүддемізді қорғау басты басымдықтарымыздың бірі болып қалмақ. Осы орайда, жаңа заңның қабылдануы алға қойған мақсат-мұраттарымызды іске асыруда міндетті қадамдардың бірі болып табылады.
   Қазақстан әлемдегі дамыған 30 елдің стандарттарына көше отырып, шетелдік қаржыландыруға қатысты салық бақылауын кеңейтуді көздеп отыр.
   Атап айтарлығы, шетелден қаржыландырылатын көздер бұқараға ашық жария болып отырады. Қазақстан азаматтарының және еліміздегі ұйымдардың құқықтарының бұзылуына жол бермеу мақсатында, ел Парламенті шетелден қаржы алғанын құзыретті органдарға міндетті түрде хабарлап отыратын субъектілердің нақты тізімін жасады.
   Сонымен қатар, бұл заңның құзыреті жүрмейтін тұлғалар мен жағдайлар да нақтыланды. Ең бастысы, Қазақстан аумағында өмір сүріп, шетелден қаражат алған тұлғалар мен ұйымдар жөніндегі ақпарат ашық көздерде халыққа қолжетімді болады. Мәселен, шетелден қаражат немесе мүлік алған тұлғалар, оны жіберген тұлғалар, алынған ақша көлемі және басқа да мәліметтер Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің ғаламтордағы порталында жарияланып отырады.
    Бұл жерде мемлекет ешқандай да қосымша әкімшілік кедергілерді қойып отырмағанына назар аудару қажет. Себебі заң шетелдік қаражатты тартуға ешқандай ресми рұқсатнама, лицензия талап етпейді. Бар болғаны ол хабарламалық сипатқа ие.
   Салық кодексінің 14, 20, 77, 557, 627 баптарына  енгізілген түзетулерге сәйкес шетелдік көзден қаржыландыру алған жеке және заңды тұлғалар мемлекеттік кіріс органдарына міндетті түрде  есеп береді, осы мәлімет негізінде мәліметтер базасын жүргізу және салық регистрлері туралы мәлімет реттеледі.
   Заңға енгізілген түзетуге сәйкес бұдан былай шетелдік азаматтар мен ұйымдардың қаражатын пайдаланып, заңдық қызмет көрсететін, қоғамдық пікірге зерттеу жүргізетін және ақпаратты жинақтап, талдап, тарататындар арнайы есеп беретін болады. Қазіргі кезде мемлекетке есеп беретін кәсіпкерлерге бұл заңның құзыры жүрмейді.
      Бұл ретте, салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы кодекстің 14-ші бабы бойынша, салық органдарын хабардар етуге міндеттілердің нақты критерийлері бекітілген. Осыны тарқатап айтсақ, біріншіден, заңдық қызмет көрсететіндер міндеттеледі. Бұл қызмет түріне азаматтар мен ұйымдарды құқықтық ақпараттандыру, өкілеттік ету және мүддесін қорғау, сондай-ақ оларға заңдық кеңес беру жатады. Екіншіден, қоғамдық пікірге зерттеу жүргізетін азаматтар мен ұйымдар есеп беруге міндеттеледі. Социологиялық зерттеу жүргізіп, оның қорытындыларын халыққа таратушылар, сонымен қатар, ақпаратты жинақтап, талдап және тарататындар да осыған жатады.
    Ендігі кезекте: «Шетелдік қаражат туралы мәлімет қанша уақытта берілуі керек?», «Салық органдарына хабарлама жіберу міндетті ме?», «Шетелден ақша алғаны жөнінде салық органдарына хабарлама жіберуге барлық азаматтар мен заңды тұлғалар міндеттеле ме?» деген сауалдарға тікелей жауап берелік.
    Шетелдік көздерден ақша және мүлік алғаны жөнінде келісім жасалғаннан кейін, 10 күн ішінде азаматтар мен заңды тұлғалар салық органдарына бекітілген формада хабарлама жібереді.
     Есептік тоқсаннан кейінгі айдың 15-іне дейін  кіріс  органына алынған ақша мен оның жұмсалғаны туралы есеп жіберіледі. Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы кодекстің 14-ші бабында азаматтық және заңды тұлғалардың салық органдарын хабардар етуі міндетті екені анық жазылған. Мұндай міндетті орындамаған жағдайда заң шеңберінде жауапкершілік бекітілген. Ақпаратты ұсыну тәртібі, хабарлама мен мәлімет формасы қарапайым. Мысалы, мәліметті салық есебіне сәйкес етіп, салық органына арнайы барып, немесе электрондық поштамен жіберуге болады.
    Заң ақша мен мүліктің көлеміне қандай да бір шектеу қою қызметін атқармайды. Сол себептен, алатын ақшаның көлеміне де ешқандай шектеу жоқ. Бар болғаны, оны алғаны және қайда жұмсағаны жөнінде ақпарат берілсе жеткілікті.
    Тағы бір ескеретін жайт, аталған түзетулердің құзыреті белгілі бір тұлғаларға жүрмейді. Ол қандай тұлғалар? Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы кодекстің 14-ші бабына сәйкес, бұл заңның құзыреті адвокаттарға, нотариустарға, дипломатиялық өкілдіктерге, мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарына жүрмейді. Мысалы, «Адвокат салық органдарының алдында есеп беруге міндетті ме?» деген орынды сұрақ туады. Егер бұл жерде қаржыландыру мәселесі адвокаттың кәсіпкерлік қызметімен байланысты болса, онда ол ешқандай мәлімет бермейді. Себебі бұл  Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы кодекстің 14-інші бабында анық жазылған.
     Айта кететін жайт, осыған ұқсас тәжірибе әртүрлі елдерде бар және мұндай заңның мақсаттары да алуан түрлі. ЭЫДҰ елдерінде, АҚШ, Ұлыбритания, Қытай және Израиль елдерінде бар. Осылайша, жаңашылдық толығымен халықаралық стандартқа сәйкес келеді.
   Ал Қазақстан шетелдік көздерден келетін ақша ағымдарын бақылау жүйесін жетілдіруге ұмтылуда. Өйткені, бұл ағым жеткілікті деңгейде ашық емес.
    ТМД елдерінің арасында бұл мәселеге қатысты бірінші болып заң қабылдаған Беларусь. 1994 жылдан бері Беларусьтағы коммерциялық емес ұйымдарды кез-келген шетелдік қаржыландыру мемлекеттік тіркеуден өткізіледі. Атап айтарлығы, грантты (қайырымдылыққа бөлінген ақшаны) тіркеу үшін биліктің алдын-ала рұқсаты керек. 2011 жылы қараша айында енгізілген түзетулерге сәйкес, беларусьтық коммерциялық емес ұйымдарға шетелдегі банктер мен қаржылық мекемелерде есеп-шот ашуға тыйым салынды. Заң бойынша, биліктің рұқсатынсыз шетелден қаражат алған тұлғалар әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
     2012 жылы 6 шілдеде Ресей Федерациясының Мемлекеттік Думасы қабылдаған заң шетелден қаржы алып, саяси қызметпен айналысатын ұйымдарды «шетелдік агенттер» ретінде тіркеуді міндеттеді.
     ТМД-ның тағы бір мемлекеті – Әзербайжанда 2014 жылдың ақпанында коммерциялық емес ұйымдар туралы заңға түзету енгізіліп, үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыруды мемлекеттік бақылау қатайтылды. Бұған дейін, 2009 жылы заң қабылданып, ол құжат халықаралық коммерциялық емес ұйымдардың филиалдары мен өкілдіктерін тіркеуден өтерде Әзербайжан үкіметімен ерекше келісім жасауға міндеттеді. Тіркеуден өтпей қызметін жалғастырған коммерциялық емес ұйымдарға (тіркелмеген гранттарды пайдаланғаны үшін) 5-8 мың еуро көлемінде, ал азаматтық тұлғаларға – 1-2 мың еуро көлемінде айыппұл салынады.
     Қорыта айтқанда   іске асырылып жатқан шаралар хабарландырушы сипатқа ие, ол салық төлеушілердің құқығын шектемейді және оларды алу және жұмсаудың ашық рәсімдерін құруды көздейді.

 А. МАХАНБЕТАЛИЕВА,
Сырдария ауданы бойынша Мемлекеттік
кірістер басқармасының бөлім басшысы.